Әр күз сайын АБК бірінші курс студенттері үшін дәстүрлі "Студенттер қатарына қабылдау" іс-шарасы өткізіледі. Студенттер қатарына қабылдау- бұл салтанатты оқиға, сондықтан колледж студенттері алдын-ала және мұқият дайындалады. Қазір біздің қаламызда қатаң карантин болғандықтан, бұл іс-шараны 20-ЭжәнеОЖ-901-2к-1 және 20-ЭжәнеОЖ-901-2к-2 топтарында кураторлар Г.А. Айгараева мен Д. К. Сыбанбаева табиғат аясында Медеу шатқалында өткізді. Ғайни Әбдібайқызы бірінші курс студенттеріне осы демалыс аймағының негізін қалаушы Пусурманов Медеу туралы әңгіме айтып берді.
Медеу Пусурманов Верный қаласындағы қайырымдылық, демеушілік істерінің белсенді қатысушыларының бірі болды, жер сілкінісінен, су тасқыны мен аштықтан кейін қаланы қалпына келтіруге материалдық жағынан көп көмектескен.
Медеу ағамыз Верный қалалық билігі арасында беделі жоғары және танымал азамат болған. Ұлы Жамбыл өзінің әндерінде оның мейірімділігін, қайырымдылық ауқымы мен танымалдылығының кеңдігі туралы жырлаған.
Студенттер кураторлармен бірге әйгілі 842 қадамды санап, "денсаулық баспалдағына" көтерілді. Табиғаттың күзгі тамаша көріністеріне куә болды.
Мұндай салтанатты іс-шара студенттердің есінде ұзақ уақыт сақталатыны анық.
Колледж ұжымының алға қойған мақсаты – студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, оларға рухани тәрбие беріп, Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын азамат етіп тәрбиелеу. Үлкен өмірге жолдама алып отырған бүгінгі жастарымыз ел болашағына қызмет ететін білікті маман болып шығатынына кәміл сенеміз.
Тулеужанова М.Т.
Шуакаева А.К.